16 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ FOOD EXPO QAZAQSTAN 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының профессоры, AP26101867 ғылыми жобасының жетекшісі Әсел Әнуарбекқызы Апышева Алматы қаласында өткен FoodExpo Qazaqstan 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, тамақ өнеркәсібіндегі заманауи технологиялар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті бағыттарын зерделеді.
«Атакент» көрме кешенінде ұйымдастырылған 28-ші Орталық Азия халықаралық көрмесі тамақ өнеркәсібінің жетекші өкілдерін, өнім өндірушілерді, қайта өңдеу кәсіпорындарын және технологиялық жабдықтарды жеткізушілерді бір алаңға жинады. Халықаралық басқосу саладағы инновациялық шешімдерді таныстыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Көрме аясында сүт өнімдерін қайта өңдеудің инновациялық технологиялары, логистикалық үдерістерді жетілдіру, өндіріс пен өнім өткізудің жеткізу тізбектерін цифрландыру мәселелері кеңінен қарастырылды. Бұл бағыттар қазіргі агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруда және өңірлік кәсіпорындардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар ғылыми іссапар бағдарламасы аясында Алматы Менеджмент Университетінде (AlmaU) ғылыми консультациялар өткізу көзделді. Кездесулердің негізгі бағыты агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, логистикалық үдерістердің экономикалық тиімділігін бағалау және цифрлық технологияларды енгізудің нәтижелілігін анықтау мәселелерін қамтыды.
Профессордың халықаралық көрмеге қатысуы мен ғылыми байланыстарды дамытуы AP26101867 «Цифрлық логистика жағдайында аймақтың агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері шағын жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» ғылыми жобасын іске асыру аясында жүзеге асырылды.
Көрме барысында жинақталған тәжірибе мен ғылыми-тәжірибелік материалдар зерттеу жұмысының мазмұнын толықтыруға, сүт өнімдерін жеткізу тізбектерін оңтайландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеуге негіз болады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қызметіне енгізу арқылы олардың экономикалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бар.
Халықаралық кәсіби алаңдарға қатысу университет ғалымдарының ғылыми ізденістерін нақты өндірістік міндеттермен ұштастырып, өңір экономикасының дамуына бағытталған зерттеулердің практикалық маңызын арттыра түседі.









