21 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ «ОРХУН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ӘЗЕРБАЙЖАН СТУДЕНТТЕРІНЕ ДӘРІС БЕРУДЕ

«Орхун» халықаралық бағдарламасы аясында Әзербайжан мемлекеттік экономика университетінде (UNEC) Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы Нұргүл Шайханованың академиялық сабақтары жалғасуда.

Кезекті сабақ «Қаржы» мамандығының үшінші курс студенттеріне арналған «Мемлекеттік қаржы» пәні аясында ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі» тақырыбындағы дәрісті экономика ғылымдарының кандидаты, экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нұргүл Кунафияновна Шайханова жүргізді.

Дәрісте Қазақстан Республикасының бюджет жүйесін қалыптастырудың негізгі қағидаттары, бюджеттердің құрылымы мен бюджет процесінің ерекшеліктері түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын қалыптастыру, қаржы ресурстарын бөлу және бюджетаралық қатынастар мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік бюджеттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі рөліне ерекше мән берілді. Студенттер мемлекеттік міндеттерді орындау мен ел дамуының басым бағыттарын қолдауда қаржы ресурстарын тиімді басқарудың маңызын зерделеді.

Дәрістің маңызды бөлігі Қазақстан мен Әзербайжанның бюджет жүйелерін салыстырмалы талдауға арналды. Студенттер екі елдің бюджеттік құрылымының ерекшеліктерімен танысып, бюджетті қалыптастыру мен орындау тәсілдерін салыстырды.

Студенттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді. Мұндай академиялық кездесулер білім мен тәжірибе алмасуға, теориялық білімді тереңдетуге және оның практикалық маңызын түсінуге ықпал етеді.

«Орхун» халықаралық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарында дәріс оқу академиялық алмасудың маңызды бағыттарының бірі саналады. Бағдарлама кәсіби және мәдени байланыстарды нығайтуға, академиялық көкжиекті кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.