23 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫ ГҮЛЖАН ЖАРАСОВА «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлжан Сағидоллақызы Жарасоваға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.

Мемлекеттік награда отандық жоғары білім беру жүйесін дамытуға, оны жаңғыртуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосқан елеулі үлесінің мойындалуы болды.

Гүлжан Жарасова – Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолданудың жоғары оқу орындарына ортақ стандартын әзірлеу идеясын ұсынған тұлға. Сонымен қатар ол педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын қайта қарау және инженерлік білім беру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына жетекшілік етеді. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми жетістіктерді тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған индустриялық PhD жүйесін енгізу негіздерін әзірлеуге де атсалысты.

Ректордың басшылығымен Amanzholov University білім беру мен ғылыми қызметті жетілдіріп, зерттеу әлеуетін арттыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық әріптестік байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бастамалар университеттің дамуына және заманауи халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуіне ықпал етуде.

Amanzholov University ұжымы Гүлжан Сағидоллақызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, кәсіби қызметіне табыс, жаңа жетістіктер мен Қазақстанның ғылымы мен білімінің өркендеуіне бағытталған еңбегіне толағай табыс тілейді!