4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ YESSENOV IELTS PRO БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Биология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Камилла Кумаржанова Шахмардан Есенов атындағы қор (Shakhmardan Yessenov Foundation) жүзеге асыратын Yessenov IELTS Pro халықаралық білім беру бағдарламасының іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жеңімпаз атанды.

Yessenov IELTS Pro – қазақстандық жастардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға және оларды IELTS халықаралық емтиханына дайындауға бағытталған білім беру бастамасы. Бағдарлама аясында іріктеуден өткен қатысушылар британдық Bonas MacFarlane Education білім беру орталығының білікті оқытушылары жетекшілігімен тегін қарқынды тілдік дайындықтан өтеді.

Бағдарлама жеңімпазы атанған Камилла Кумаржанова академиялық ағылшын тілін жетілдіріп, халықаралық IELTS емтиханына жүйелі түрде дайындалуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде студенттің шетелдік жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруына, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуына және халықаралық ғылыми жобаларға араласуына жол ашады.

Yessenov IELTS Pro бағдарламасына қатысу – студенттің тілдік құзыреттілігін дамытып қана қоймай, оның академиялық және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

Камилла Кумаржанованы жетістігімен құттықтаймыз! Оқуда, ғылыми ізденісте және алдағы білім беру бастамаларында толағай табыс тілейміз!