11 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ТҮЛЕКТЕРДІҢ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҒЫНА ЖОЛ АШАТЫН КӘСІПТІК БАҒДАР

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасының сениор-лекторы, PhD докторы Жазнаева Жанат Кадырбековна және сениор-лекторы Орсаринова Асем Оралдиновна Өскемен қаласындағы №11 мектеп-лицейінде кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізді.

Кездесу кезінде мектеп оқушыларына университеттің жоғары мектептері, білім беру мүмкіндіктері мен мамандықтары туралы ақпарат ұсынылды. Аталған мектепте 11-сыныптың үш сыныбында 56 оқушы білім алады. Қаладағы іргелі білім беру ұйымдарының бірі саналатын мектепте оқушылардың ғылыми-жаратылыстану бағыттарына, соның ішінде география, экология, математика және IT салаларына қызығушылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Кәсптік бағдар беру кездесуі кезінде Жазнаева Жанат Кадырбековна кафедраның білім беру бағдарламаларын таныстырып, олардың негізгі бағыттары мен оқу мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, 6В05203 «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі», 6В05202 «Экология», 6В11201 «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау», 6В01523 «География – Тарих» және 6В01517 «География (IP)» білім беру бағдарламалары туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар мектеп бітірушілерге бакалавриат деңгейін аяқтағаннан кейін кафедрада магистратура мен докторантурада білімін жалғастыру мүмкіндігі түсіндірілді. Кездесу соңында оқушыларға білім беру бағдарламалары туралы ақпараттық буклеттер таратылды.

Кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесу, олардың ғылыми-жаратылыстану бағыттарына қызығушылығын арттыру және жоғары білім алуға ынталандыру.