21 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІ «ЖАС САРБАЗ» КОРПУСЫНДА ЖАС ПАТРИОТТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Өскемен қаласындағы №24 орта мектеп жанынан ашылған «Жас Сарбаз» балалар корпусын салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

Іс-шараға «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова, Мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Александр Зуев, аға оқытушы, запастағы полковник Виктор Сунцов қатысты.

№24 орта мектеп — университеттің әлеуметтік серіктесі. Екі білім беру ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың маңызын мектеп директоры Ләззат Мәуітхан мен «Жас Сарбаз» сыныптарының тәрбиешілері университет түлектері екені арттыра түседі. Бүгінде олар өздерінің кәсіби білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге үлес қосып келеді.

Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда ұстаздың жеке өнегесі, ұрпақтар сабақтастығы мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің орны ерекше. Университет түлектері осы қағидаттарды күнделікті педагогикалық қызметінде басшылыққа алып, оқушыларға біліммен қатар өмірлік тәжірибе мен ұлттық құндылықтарды жеткізіп келеді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен №24 орта мектеп арасындағы серіктестік жоғары және орта білім беру ұйымдарының өзара ықпалдастығының жарқын үлгісі саналады. Мұндай ынтымақтастық болашақ педагогтерді даярлау мен мектеп тәжірибесінің байланысын нығайтып, бірлескен білім беру және тәрбие жобаларын жүзеге асыруға жол ашады.

Ортақ мақсат — ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, белсенді әрі отаншыл азаматтарды тәрбиелеу.