30 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ЖҰМАШ КӘРІМҰЛЫ УӘЛИЕВ АТЫНДАҒЫ СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде көрнекті педагог, ғалым, университеттің құрметті ректоры Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев атындағы стипендияны тағайындау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Стипендия академиялық үлгерімі жоғары, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатын және университеттің қоғамдық өміріне елеулі үлес қосып жүрген дарынды әрі талапты студенттерді қолдау мақсатында тағайындалады.

Биыл байқауға 7 өтінім түсті. Алдын ала іріктеу нәтижесінде 4 студент қорытынды кезеңге жолдама алды. Комиссия отырысында үміткерлер өздерінің ғылыми жетістіктерін, зерттеу жұмыстарын, жарияланымдарын, сондай-ақ ғылыми конференциялар мен олимпиадаларға қатысу нәтижелерін таныстырды.

Үміткерлерді бағалау кезінде комиссия мүшелері олардың академиялық үлгерімі мен GPA көрсеткішін, ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын, ғылыми жарияланымдарының болуын, конференциялар мен олимпиадалардағы жетістіктерін, сондай-ақ университеттің қоғамдық өміріне қосқан үлесін ескерді.

Комиссия төрағасы – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлы. Комиссия құрамына университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері енді.

Қорытынды кезеңге қатысқан барлық үміткер жоғары дайындық деңгейін, ғылыми қызметке деген қызығушылығын және кәсіби әрі академиялық тұрғыдан дамуға ұмтылысын көрсетті.

Байқау талаптарына сәйкес, Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев атындағы стипендия бір студентке тағайындалады.