2 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ «ҮЛКЕН АЛТАЙ» КҮЗГІ БІЛІМ БЕРУ СЕССИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
2026 жылғы 25–29 қазан аралығында Алтай мемлекеттік университетінің базасында орналасқан «Лесные дали» парк-отелінде жас ғалымдар – тарихшылар, түркітанушылар мен алтайтанушыларға арналған Халықаралық мектептің күзгі білім беру сессиясы өтті. Іс-шараны Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығы ұйымдастырды.
Халықаралық жиынға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 30-дан астам магистрант, аспирант, жас зерттеуші мен студент қатысып, «Үлкен Алтай» өңіріндегі академиялық диалогты дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Халықаралық мектеп жұмысына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, 8D02202 «Тарих» білім беру бағдарламасының докторанты Аида Жайлаубаева, 6В01602 «Тарих және қоғамтану IP» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Жібек Рысбек, Жанель Молдашева және Аружан Рахметолдина, сондай-ақ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының «Саясаттану және халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Ирина Смажнова мен 1-курс студенті Амина Болатханова бар.
Білім беру сессиясының салтанатты ашылу рәсімі Барнаул қаласында өтті. Ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар Еуразия халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда, ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауда және зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруда халықаралық ғылыми байланыстың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық мектеп түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қызығушылық танытқан академиялық қауымдастық өкілдері мен жас ғалымдардың басын қосқан ашық ғылыми диалог алаңына айналды.
Білім беру бағдарламасы Орталық Азия елдері мен Ресейдің жетекші сарапшылары мен ғалымдарының дәрістерін, ғылыми пікірталастар мен кәсіби кездесулерді қамтыды. Қатысушылар тарих, археология, этнография, түркітану және алтайтану салаларындағы заманауи зерттеулердің нәтижелерімен танысып, түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеудің өзекті әдіснамалық тәсілдерін және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Халықаралық мектепке Алтай мемлекеттік университетінің, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің, Таулы Алтай мемлекеттік университетінің, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің, Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің және Тува мемлекеттік университетінің өкілдері қатысты.
Дәрістерден бөлек, қатысушылар үшін Барнаул қаласының тарихи орындарына экскурсиялар, форсайт-сессиялар және түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған кинолекторий ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар қатысушыларға өңірдің тарихи мұрасымен тереңірек танысуға, түркі әлемінің мәдени алуандығы туралы білімдерін кеңейтуге және бейресми жағдайда кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді. Білім беру сессиясының қорытындысы бойынша өткен салтанатты жабылу рәсімінде қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Күзгі білім беру сессиясының басты мақсаты – «Үлкен Алтай» және Орталық Азия елдерінің жас зерттеушілері арасындағы ғылыми байланысты нығайту, академиялық ынтымақтастық аясын кеңейту және халықаралық бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру.
Amanzholov University өкілдері үшін Халықаралық мектепке қатысу кәсіби және тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналды. Олар ғылыми таным көкжиегін кеңейтіп, түрлі елдерден келген жас зерттеушілермен тәжірибе алмасты және жетекші мамандармен кәсіби байланыс орнатты. Мұндай бастамалар академиялық ұтқырлықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, студенттер мен докторанттардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға және университеттің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.
Қатысушылар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне және Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасоваға ғылыми-білім беру бастамаларын қолдағаны, студенттердің халықаралық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік жасағаны және Алтай мемлекеттік университетімен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқаны үшін шынайы алғыстарын білдіреді.
Университет басшылығының академиялық ұтқырлық пен халықаралық байланыстарды дамытуға бағытталған қолдауының арқасында жас зерттеушілер халықаралық ғылыми алаңдарда Alma mater атынан лайықты өнер көрсетіп, құнды тәжірибе жинақтауға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуға мүмкіндік алуда.




