25 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY: ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ТҰРАҚТЫ ДАМУ БОЙЫНША ҰЛЫБРИТАНИЯ ТӘЖІРИБЕСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту аясында Ұлыбританияның Лидс университетінің ғалымы, доктор Пьер-Филипп Дешанның (Pierre-Philippe Dechant) онлайн дәрісі өтті. «Тұрақты дамуды студенттерді оқыту үдерісіне интеграциялау: университет пен академиялық бөлімдер деңгейіндегі стратегиялық тәсілдер» тақырыбындағы кездесуде жоғары білім беру жүйесіне тұрақты даму қағидаттарын енгізудің халықаралық тәжірибесі талқыланды.
Пьер-Филипп Дешан – Лидс университеті Математика мектебінің қауымдастырылған профессоры, тұрақты даму қағидаттарына негізделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі университеттік жұмыс тобының мүшесі. Сонымен қатар ол LUNSHE (Leeds University Network for Sustainability in Higher Education) желісінің негізін қалаушы әрі Leeds Institute for Teaching Excellence (LITE) институтының тұрақты даму және қоғаммен өзара іс-қимыл бағытындағы ғылыми-педагогикалық инкубаторының жетекшісі.
Дәріс барысында ғалым тұрақты даму қағидаттарын жоғары білім беру жүйесіне енгізудің институционалдық және стратегиялық тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, пәнаралық ынтымақтастықты дамыту, педагогикалық зерттеулер жүргізу және тұрақты даму бағытындағы академиялық қауымдастықтарды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі LUNSHE желісінің қызметіне арналды. Бұл желі оқытушыларды, зерттеушілер мен студенттерді ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, тұрақты даму саласындағы тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеуге және жаңа академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Спикердің мәліметінше, 2023 жылдан бері LUNSHE қауымдастығы мүшелерінің саны 180-нен асқан. Желі аясында пәнаралық ғылыми бастамалар қолға алынып, бірқатар гранттық жобалар қолдау тапқан. Олардың қатарында әрқайсысының қаржыландыру көлемі 250 мың фунт стерлингті құрайтын екі Horizons Platform жобасы бар. Сонымен қатар LUNSHE тәжірибесі 2025 жылғы SDG Accord жылдық есебіне Тұрақты дамудың 17-мақсаты – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» бағытын жүзеге асыру үлгісі ретінде енгізілген.
Сондай-ақ дәріс кезінде LITE институтының тұрақты даму және қоғаммен өзара іс-қимыл бағытындағы инкубаторының жұмысы таныстырылды. Оның қызметі педагогикалық зерттеулерді дамытуға, оқу материалдарын бірлесіп әзірлеуге, зерттеушілерге қолдау көрсетуге және халықаралық академиялық қауымдастық қалыптастыруға бағытталған.
Пьер-Филипп Дешан «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттары, соның ішінде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ өкілі Дана Ниғманованың академиялық қауымдастық жұмысына белсенді қатысуын ерекше атап өтті. Бұл шетелдік ғылыми тағылымдамалар кезінде орнатылған халықаралық байланыстардың кейін де жалғасып, тұрақты академиялық ынтымақтастыққа ұласатынын көрсетеді.
Лидс университеті – Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. QS World University Rankings 2026 халықаралық рейтингінде 75-орынға, ал Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде 93-орынға ие болған.
Мұндай халықаралық кездесулер шетелдік озық тәжірибені зерделеуге, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға жол ашады. Онлайн дәріс қатысушыларға тұрақты даму саласындағы заманауи тәсілдермен танысып, оларды Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде қолдану мүмкіндіктерін қарастыруға мүмкіндік берді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті доктор Пьер-Филипп Дешанға мазмұнды дәрісі, кәсіби тәжірибесімен бөліскені және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.



