2 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Кәсіби мереке аясында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова Жоғары колледжге арнайы барып, оқытушылар мен қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Университет басшысы колледж ұжымының білікті мамандар даярлауға қосып отырған елеулі үлесін атап өтіп, оқытушылар мен қызметкерлерге кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне деген адалдығы үшін алғысын білдірді.

Іс-шарада  Жоғары колледждің бірқатар қызметкеріне алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік кештің мазмұнын колледж студенттері дайындаған шығармашылық бағдарлама толықтырды. Студенттер вокалдық және хореографиялық өнерлерін ұсынып, өздерінің таланттары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Іс-шара Жоғары колледждің оқытушылары мен қызметкерлеріне ризашылық білдіріп, болашақ мамандарды сапалы даярлауға бағытталған еңбегін атап өтудің мәнді сәтіне айналды.