6 қазан 2026
«АСЫЛ МИРАС» ОРТАЛЫҒЫНДА AMANZHOLOV UNIVERSITY ТҮЛЕГІ ПЕДАГОГТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы «Асыл Мирас» мекемесінде Ұстаздар күніне орай педагогтер ұжымын кәсіби мерекемен құттықтау рәсімі өтті.
Бүгінде орталықтың басшысы Динара Амангелдіқызы Дүйсембінованы қоса алғанда, педагогикалық құрамның 100 пайызы – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлектері. Бұл дерек университет пен «Асыл Мирас» орталығы арасындағы кәсіби байланыстың беріктігін, білім мен тәжірибе сабақтастығын көрсетеді.
Университеттің көптеген түлегі оқу кезінде «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында тәжірибеден өткен. Мұнда олар балалармен жұмыс істеудің алғашқы тәжірибесін жинақтап, кәсіби қызметтің ерекшеліктерімен танысып, болашақ мамандығына алғашқы қадамдарын жасаған.
Құттықтау рәсімінде кәсіби жолын енді бастаған жас педагогтерге ерекше көңіл бөлінді. Олардың қатарында Amanzholov University-дің 2026 жылғы түлектері де бар. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың атынан жас мамандарға құттықтау хаттары табысталды.
Құттықтау хаттарын әзірлеу бастамасын Amanzholov University-дің Мансап орталығы көтерді. Бұл бастама жас мамандарға кәсіби қызметінің алғашқы жылында қолдау көрсетіп, олардың еңбегіне құрмет білдіруді мақсат етті. Құттықтау хаттарын «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының басшысы Алима Алипова табыстады.
Университет үшін «Асыл Мирас» орталығында еңбек етіп жүрген түлектерінің жетістігін көрудің маңызы зор. Мұнда олардың кәсіби білімі күнделікті тәжірибеде жүзеге асып, балалардың мүмкіндіктерін ашуға, қиындықтарды еңсеруіне және қамқорлық пен қолдауды сезінуіне ықпал етеді.
Орталықта еңбек етіп жүрген түлектердің кәсіби жетістігі университет қабырғасында алған білімнің маман ретінде қалыптасуға берік негіз болатынын дәлелдейді. Университеттің түлектерге қолдауы диплом алғаннан кейін де жалғасады. Amanzholov University олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасауға ұмтылады.
Университет өз түлектерін мақтан тұтады және «Асыл Мирас» орталығының педагогтеріне мамандыққа адалдығы, сабырлылығы, қамқорлығы мен балалардың игілігі жолындағы күнделікті еңбегі үшін алғыс білдіреді.
