10 қараша 2026


БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ӘЗІРЛЕУДЕГІ ТӘУЕКЕЛДЕР: АНЫҚТАУ, ТАЛДАУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен білім беру бағдарламаларын әзірлеушілерге арналған «Білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі тәуекелдерді басқару» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді алдын ала анықтау, оларды жүйелі түрде бағалау және тиімді басқару тетіктерін меңгерту. Кездесу білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз етуге, оларды әзірлеу мен іске асыру үдерісіндегі ықтимал қиындықтардың алдын алуға бағытталды.

Семинарда білім беру бағдарламаларын әзірлеудің әр кезеңіне тән тәуекелдер, оларды анықтау және талдау әдістері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар тәуекелдердің туындау себептерін зерделеу, олардың ықтимал әсерін бағалау, сондай-ақ әрбір тәуекелге сәйкес басқару стратегиясын таңдаудың маңызымен танысты.

Сонымен қатар білім беру бағдарламасының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі саналатын силлабустарды әзірлеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, силлабус мазмұнын қалыптастыру, оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелерді сәйкестендіру, оқу үдерісін жоспарлау кезінде кездесуі мүмкін тәуекелдер және олардың алдын алу жолдары талқыланды.

Семинарды Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Жантасова Жеңіскүл Зейнешқызы жүргізді. Ол өз кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, нақты жағдаяттарды мысалға келтіріп, тәуекелдерді анықтау, талдау және басқару бойынша практикалық түсініктемелер берді.

Кездесу қатысушылардың білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты кәсіби білімін толықтырып, оқу-әдістемелік жұмыста тәуекелдерді басқару тәсілдерін тиімді қолдану жолдарын түсінуге мүмкіндік берді.

Мұндай семинарлар білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, академиялық үдерісті жетілдіруге және университеттің білім беру қызметіндегі жүйелі жұмысты дамытуға ықпал етеді.