17 қараша 2026


ДИСЛЕКСИЯ МА, ӘЛДЕ ОҚУ ҚИЫНДЫҒЫ МА? AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде балалардың оқу дағдыларын меңгеру барысында кездесетін қиындықтар мен дислексия мәселесіне арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды. «Дислексия ма, әлде оқу қиындықтары ма?» тақырыбындағы кездесуді Екатерина Александровна Иванова өткізді.

Шеберлік сағатының негізгі мақсаты – оқуда қиындықтары бар балалардың ерекшеліктерін түсіндіру, дислексияны басқа оқу қиындықтарынан ажырату жолдарын қарастыру және оларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың маңызын көрсету.

Маманның айтуынша, баланың оқуды баяу меңгеруі, әріптерді шатастыруы немесе мәтінді оқу кезінде қателіктер жіберуі әрдайым дислексияның белгісі бола бермейді. Мұндай қиындықтардың артында әртүрлі себептер болуы мүмкін. Сондықтан тиісті қорытынды жасамас бұрын баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, мәселенің түпкі себебін анықтау маңызды.

Кездесу барысында болашақ психологтар мен балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін дислексия мен оқудағы қиындықтардың айырмашылығын түсінудің кәсіби маңызы талқыланды. Сонымен қатар балаларды диагностикалау, олардың психологиялық жағдайын ескеру және жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдау көрсету мәселелеріне назар аударылды.

Шеберлік сағаты қатысушыларға теориялық білімдерін толықтырып, балалардың оқу үдерісінде кездесетін қиындықтарға кәсіби тұрғыдан қарауға мүмкіндік берді. Әсіресе баланың мүмкіндіктерін ескеріп, асығыс баға бермей, оған қажетті қолдау көрсету болашақ мамандар жұмысының маңызды қағидаты екені атап өтілді.

Іс-шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 35 жылдығына арналған «Арнайы клиникалық-психологиялық қараша» онкүндігі аясында өтті.