2 қазан 2026


ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ, ҰЖЫМҒА АЛҒЫС: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ЖОО қызметкерлері күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Мерекелік кеш университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен барлық қызметкерлеріне деген құрмет пен алғысқа арналды. Кештің шымылдығын «Шабыт» студенттік театрының «Білім шамын жаққан жандар» атты прологы ашты.

Мерекелік шарада университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова ұжым мүшелерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Ол білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген әр қызметкердің еңбегі университеттің бүгінгі жетістігі мен алдағы дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Мерекелік кеште ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма төрағасы – ректордың Алғыс хаттары табысталды. Марапаттарға ие болған қызметкерлердің еңбегі мен кәсіби үлесі атап өтілді.

Мерекелік бағдарлама концерттік нөмірлермен жалғасты. «Kids Dance» би студиясы, «Amore» би тобы және «Серілер» тобы өнер көрсетіп, университет студенттері ұстаздар мен қызметкерлерге ән мен биден тарту жасады. Бағдарламада «Жас ұстаз», «Туған жер», «Ұстаз әні», «Арго» әндері орындалып, түрлі би композициялары ұсынылды.

Жылы лебіздер мен шығармашылық қойылымдарға ұласқан мерекелік кеш университет ұжымының еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті барлық жоғары білім қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтайды! Еңбектеріңіз жемісті, бастамаларыңыз сәтті, әр күніңіз жаңа жетістіктерге толы болсын!