12 қараша 2026
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГЕОГРАФИЯ КАФЕДРАСЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасы мектеп оқушыларын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту және кәсіби бағдар беру бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Экология және география кафедрасының лекторы Н. Амангелді «Нұрорда» мектебінің 9-сынып оқушыларына «ArcGIS бағдарламасы арқылы Шығыс Қазақстан облысы елді мекендерінің көлік қолжетімділігін бағалау» тақырыбындағы ғылыми жобаны әзірлеуге жетекшілік етіп, әдістемелік қолдау көрсетті.
Жоба аясында оқушылар университеттің геоақпараттық жүйелер кабинетінде ArcGIS бағдарламалық кешенімен жұмыс істеді. Зерттеу барысында OpenStreetMap ашық картографиялық деректер базасының материалдары негізінде Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекаралары, аудандары, елді мекендері мен көлік желілері цифрлық форматқа көшіріліп, кеңістіктік деректер базасы қалыптастырылды.
Зерттеу жұмысы кезінде оқушылар географиялық ақпараттарды жинау, жүйелеу, цифрландыру және кеңістіктік деректермен жұмыс істеудің бастапқы дағдыларын меңгерді. Сонымен қатар ArcGIS бағдарламасында картографиялық материалдар әзірлеп, географиялық нысандар арасындағы кеңістіктік байланыстарды зерттеу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі уақытта оқушылар жобаның алғашқы іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, облыстық кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Мектеп оқушыларын университеттің ғылыми-білім беру ортасына тарту, нақты зерттеу міндеттерін шешуге қатыстыру және заманауи геоақпараттық технологиялармен таныстыру – кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жобалар оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, сондай-ақ география, экология және геоинформатика салаларына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Университет пен мектеп арасындағы осындай ынтымақтастық болашақ талапкерлермен байланысты нығайтып, кәсіби бағдар беру жұмыстарының тәжірибелік мазмұнын кеңейтуге және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

