23 қазан 2026


ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГЕОГРАФИЯ КАФЕДРАСЫ СЕРІКТЕС КӘСІПОРЫНДАРҒА АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының өкілдері серіктес кәсіпорындардың басшыларын ұлттық мерекемен құттықтады.

Кафедраның серіктестері қатарында «ПРОМХИМЭКО» өндірістік кооперативі, «АСС Қорған» ЖШС, «Экосервис-С» ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы және «Азиатская эколого-аудиторская компания» ЖШС бар.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың атынан кәсіпорын басшыларына көпжылдық жемісті ынтымақтастығы, білікті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесі және университетпен әріптестік байланысты дамытуға атсалысқаны үшін алғыс хаттар табысталды.

Кафедраның серіктес кәсіпорындармен тығыз байланысы жоғары білім беру ұйымы мен кәсіби қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ экология және география салалары бойынша білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Мұндай әріптестік білім алушылардың кәсіби бағдарын қалыптастырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға жол ашады.

Кафедра өкілдері серіктестерге өзара сенім мен жемісті ынтымақтастық үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, кәсіби қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық және жаңа жетістіктер тіледі.

Республика күні құтты болсын! Еліміз өркендеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!