18 қараша 2026


ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ: ТИІМДІ ӘДІСТЕР МЕН ТӘЖІРИБЕЛІК ҚҰРАЛДАР

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелеріне арналған «Табысқа жетелейтін құралдар» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Кездесуді Юлия Валерьевна Ларионова мен Елена Павловна Гейгер жүргізді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу кәсіби біліммен қатар, икемділікті, шыдамдылықты, байқағыштықты және әр баланың жеке ерекшеліктеріне сай тәсіл таба білуді талап етеді. Осы тұрғыда мамандар психологиялық-педагогикалық қолдаудың тәжірибелік құралдарымен таныстырып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Шеберлік сағатының басты ерекшелігі – қатысушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, балаларды қолдаудың тиімді әдістері жөніндегі түсініктерін кеңейтуіне мүмкіндік беруі.

Мұндай кездесулер болашақ психологтер мен арнайы педагогтер үшін ерекше маңызға ие. Себебі әрбір баланың өзіндік қажеттілігі, қабілеті мен даму мүмкіндігі бар. Сондықтан маманның міндеті – баланың қиындықтарын ғана емес, оның күшті тұстары мен әлеуетін де көре білу.

Шеберлік сағаты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 35 жылдығына арналған «Арнайы клиникалық-психологиялық қараша» онкүндігі аясында ұйымдастырылды.