23 қараша 2026


«ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ – САНАЛЫ ТАҢДАУ»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАСТАРМЕН ДИАЛОГ АЛАҢЫ ӨТТІ

Amanzholov University-де «Есірткісіз болашақ – саналы таңдау» тақырыбында жастармен диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру.

Диалог алаңына Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Сағатбек Қуатбекұлы Малтүгелов, Өскемен қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Ляйля Төлеубекова және Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Жас сайлаушылар клубының төрағасы Темірлан Сейілжанұлы Базылханов қатысты.

Кездесу барысында есірткі заттарының таралуы мен оны тұтынудың құқықтық салдары, жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және жеке жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Полиция майоры Сағатбек Қуатбекұлы Малтүгелов есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылықтардың салдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіріп, жастарды күмәнді ұсыныстарға ермеуге және кез келген жағдайда саналы шешім қабылдауға шақырды.

Өз кезегінде қоғамдық белсенді Ляйля Төлеубекова мен Темірлан Сейілжанұлы Базылханов жастардың азаматтық жауапкершілігі, белсенді ұстанымы және қоғамдағы қауіпсіз ортаны қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына, саналы таңдау жасауына және есірткісіз қоғам қалыптастыруға үлес қосуына бағытталған.