20 қазан 2026


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН СТУДЕНТТЕР ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Қытайдағы Шаньдун сыртқы сауда кәсіптік-техникалық колледжінің бес студенті халықаралық тағылымдамадан өту үшін келді.

Чэнь Ифань, Хуан Цзяи, Лю Итун, Чжан Бинь және Цзо Шуфэй 2027 жылғы 2 қаңтарға дейін жеке жоспар-кестелеріне сәйкес тағылымдамадан өтеді. Бағдарлама Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі мен Бизнес және құқық жоғары мектебінің базасында жүзеге асырылады. Тағылымдама іскерлік ағылшын тілі, халықаралық экономика және сауда, туризмді басқару, сондай-ақ көрме қызметін жоспарлау және басқару бағыттарын қамтиды.

Тағылымдама аясында студенттер Amanzholov University оқытушыларының дәрістеріне қатысып, білім беру және мәдени іс-шараларға атсалысады. Сонымен қатар өңірдегі бейінді кәсіпорындардың қызметімен танысады. Практикалық сапарлар ұйымдардың жұмыс ерекшеліктерін зерделеуге, кәсіби білімдерін кеңейтуге және түрлі сала өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Шаньдун сыртқы сауда кәсіптік-техникалық колледжін көпжылдық ынтымақтастық байланыстырады. Осы серіктестік аясында Аманжолов университетінің оннан астам студенті Қытайдағы колледжде білім алып, тағылымдамадан өткен. Қытайлық студенттердің Қазақстанға келуі – өзара академиялық алмасудың жалғасы әрі екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам.

Тағылымдама қатысушыларға Қазақстанның білім беру жүйесі мен мәдениетімен танысуға, жаңа кәсіби құзыреттерді меңгеруге және халықаралық қарым-қатынас тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.