20 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АУЫЗ СУ САПАСЫН БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ

Amanzholov University-де 6В11201 – «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне «Ауыз су сапасының интегралды бағалауы» тақырыбында қонақ дәріс өтті.

Дәрісті IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі Экология және география кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Калелова Гульфат Жанболатованың ұйымдастыруымен ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қайрғазина Ақбота өткізді.

Маман ауыз су сапасын бағалаудың маңыздылығына тоқталып, оның санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін анықтау, сапалық көрсеткіштерін кешенді талдау және интегралды бағалау әдістері жөнінде жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар студенттер болашақ мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, кәсіби қызметтің негізгі бағыттары, жұмысқа қабылдау талаптары мен қажетті дағдылар туралы пайдалы ақпарат алды. Қайрғазина Ақбота кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.

Қонақ дәріс студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және болашақ мамандықтарының қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Университет ұжымы мазмұнды қонақ дәріс өткізіп, кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін Қайрғазина Ақботаға алғыс білдіреді!