13 қараша 2026
КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖЕКЕ ТАҢДАУДАН БАСТАЛАДЫ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «АДАЛ АЗАМАТ» ҚАҒИДАТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жауапкершілігі жоғары, бастамашыл әрі қоғам өміріне белсенді араласатын жастарды тәрбиелеуге арналған «Адалдық – көшбасшылықтың негізі, жауапкершілік – жетістіктің кепілі!» атты кездесу өтті. Жиынға университет өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері мен студенттер қатысып, нағыз көшбасшылықтың неден басталатынын, адалдықтың жеке әрекеттермен ғана шектелмейтінін және «Адал азамат» құндылықтарының университет өмірінде қалай көрініс табатынын талқылады.
Кездесуде тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанетта Амангелдіқызы Қалимолдинаның «Адал азамат» идеологиясы және оның университет миссиясымен сабақтастығы туралы баяндамасы ерекше орын алды. Ол саналы ұрпақ қалыптастыруда жоғары оқу орнының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, құқықтық мәдениетті, академиялық адалдықты, азаматтық жауапкершілікті және айналаға құрметпен қарау құндылықтарын дамытудың маңызын атап өтті.
Атап айтқанда, адалдық қағидаттарының оқу үдерісінде де сақталуы қажеттігі айтылды. Бұл – тапсырмаларды өз бетінше орындау, плагиатқа жол бермеу, ақпарат көздерін дұрыс пайдалану және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту, волонтерлік қызметті қолдау және студенттік бастамаларды жүзеге асыру маңызды бағыттар ретінде қарастырылды.
Жеке жауапкершіліктің қоғамдық өзгерістердің бастауы екені туралы Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айдос Әділбеков сөз қозғады. Оның «Көшбасшы болу – өзгерісті өзіңнен бастау» тақырыбындағы баяндамасы әр адамның бастамашылдығы мен өз іс-әрекетіне жауап бере білуінің маңызын ашты.
Көшбасшылық тақырыбына қатысты өз көзқарасын «Shygys-BASTAU» технопаркінің инновациялық технологиялар ғылыми-өндірістік зертханасының жас ғалымы, зерттеуші Бақдәулет Мұхитдинұлы да ортаға салды. «Жас ғалым – жаңа дәуір көшбасшысы» тақырыбындағы баяндамасында жас зерттеушілердің ғылымды дамытудағы және тың идеяларды өндіріске енгізудегі рөліне тоқталды. Ал «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер альянсының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Ұлту Мұратқызы жастар көшбасшылығының қоғам дамуына серпін беретін күш ретіндегі маңызын түсіндірді.
Кездесудің қорытынды кезеңінде «Көшбасшылыққа алғашқы қадам» атты практикалық бөлім ұйымдастырылды. Оның аясында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, жеке дамуға қатысты мақсаттарын айқындады. Сонымен қатар университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласып, бастамашылдығымен көзге түскен студенттерге еңбегін бағалау және ынталандыру мақсатында сертификаттар табысталды.
Amanzholov University-де жауапкершілігі жоғары әрі белсенді жастарды қалыптастыру тек оқу жетістіктерімен шектелмейді. Бұл бағыт азаматтық ұстанымды, дербестікті және қоғам өміріне белсенді араласуға дайындықты дамытумен тығыз байланысты. Адалдық, әділдік пен жауапкершілік құндылықтары күнделікті іс-әрекетте, білімге, адамдарға және өз ісіне деген көзқараста нақты көрініс табады.







