13 қараша 2026


МӘМС ЖҮЙЕСІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ТҮЛЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жоғары курс студенттеріне Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің жұмыс тәртібін түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өтті. Жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілдері қатысты.

Іс-шара МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып, болашақ мамандардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруды мақсат етті.

Кездесу барысында МӘМС жүйесінің жұмыс істеу тәртібі, азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу жолдары, сақтандырылған тұлғалардың санаттары, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде медициналық қызмет алу мәселелері талқыланды.

Әсіресе университет түлектерінің медициналық сақтандыру мәртебесіне, оқу аяқталғаннан кейінгі сақтандыру жүйесіндегі жағдайына және жұмысқа орналасу кезінде сақтандырылған мәртебесін уақытылы рәсімдеу қажеттігіне баса назар аударылды.

Қор өкілдері МӘМС жүйесінің негізгі тетіктерін түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Мұндай ақпараттық кездесулер студенттердің денсаулық сақтау саласындағы құқықтары туралы хабардарлығын арттырып, медициналық сақтандыруға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар түлектердің өз бетінше кәсіби өмірге қадам басуына қажетті ақпараттық дайындығын нығайтады.