16 қараша 2026
МЕДИАЦИЯ – ДИАЛОГ МӘДЕНИЕТІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ БАСЫН ҚОСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай «Медиация: заңнан – диалог мәдениетіне» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қытай елдерінен сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың өкілдері мен кәсіби медиаторлар қатысып, осы жылдар ішінде медиацияның қандай даму жолынан өткенін, дауларды шешу тәжірибесінің қалай өзгергенін және бүгінгі таңда кәсіби қауымдастық алдында қандай міндеттер тұрғанын талқылады.
Конференцияны «Альтернатива» Қазақстандық медиация және құқықтық инновациялар орталығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Ақсана Александровна Каленова ұйымдастырды. Оның модераторлығымен өткен пленарлық отырысқа сот жүйесінің өкілдерінен бастап, тәжірибелі медиаторлар мен зерттеушілерге дейінгі түрлі сала мамандары қатысты. Талқылаудың негізгі өзегі тек татуластырудың құқықтық тетіктері ғана емес, сонымен қатар тараптардың бір-бірін тыңдап, ортақ мәмілеге келе білуіне мүмкіндік беретін диалог мәдениетін қалыптастыру мәселесі болды.
Конференцияны ашқан университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова татуласу идеясының қазақ қоғамы үшін жаңалық емес екенін атап өтті. Оның бастауы халқымыздың тарихи дәстүрлерімен, соның ішінде даналықты, әділдікті және дауды қарсыластықсыз шешуді басты орынға қойған билер институтымен сабақтас. Осыдан 15 жыл бұрын заңнамалық тұрғыда бекітілген медиация бүгінде келіспеушіліктерді реттеумен қатар, өзара құрметті, жауапкершілікті және сындарлы диалог құру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған дербес тәжірибеге айналды.
Университеттегі осы бағыттың дамуы туралы сөз қозғаған ректор болашақ мамандарды тәжірибеге бағдарлап даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі таңда білім беру бағдарламалары аясында 45 микробіліктілік пен 26 Minor бағдарламасы жүзеге асырылуда. Олардың қатарында студенттерге медиация саласы бойынша бастапқы білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін микробіліктілік бағдарламасы да бар. Биылғы оқу жылында аталған бағдарламаға 35 білім алушы тіркеліп, оның 10-ы оқуын аяқтаған. Сонымен қатар заң білім беру бағдарламаларына «Заң психологиясы және медиация» пәні енгізілген. Бұл пән студенттерге келіссөз жүргізу, құқықтық дауларды реттеу және соттан тыс тәртіппен медиативтік технологияларды қолдану дағдыларын меңгеруге көмектеседі.
Медиация дауларды шешу тәсілі ғана емес, сонымен қатар адам қадір-қасиетін қорғау және әр адамның өз ойын жеткізу құқығын қамтамасыз ету тетігі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Серік Маратұлы Мизанбеков атап өтті. Оның айтуынша, адам құқықтарын қорғаудың негізінде жеке тұлғаны құрметтеу қағидаты жатыр. Ал медиатордың міндеті – тараптарға текетірестен ортақ шешім іздеуге көшуге көмектесу. Қазақ халқының татуласу дәстүрлері бүгінгі таңда адам құқықтарын қорғаудың заманауи халықаралық стандарттарымен үндесе отырып, жаңа сипатта дамып келеді.
Спикер жасанды интеллект тақырыбына да ерекше тоқталды. Цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері кеңейгенімен, олар әзірге даулы жағдайларды шешуде тірі медиаторды алмастыра алмайды. Эмпатия, сенім қалыптастыру, вербалды емес белгілерді аңғару, тараптардың жасырын уәждері мен эмоционалдық жағдайын түсіну – кәсіби медиатор жұмысының ажырамас бөлігі. Тараптардың жай ғана формалды келісімге келіп қоймай, шынайы өзара түсіністікке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін де – адам факторы.
Қазақстандағы медиация институтының 15 жылдық даму жолына қатысты өз көзқарасын Ақсана Каленова ортаға салды. Оның «Қазақстандағы медиация: 15 жылдық даму жолы – жетістіктер, сын-қатерлер, перспективалар» тақырыбындағы баяндамасы медиация институтының қалыптасу нәтижелеріне, қазіргі өзекті мәселелеріне және оны одан әрі дамытудың басым бағыттарына арналды.
Тақырыпты талқылау шетелдік сарапшылардың баяндамаларымен толықты. Олар өз елдеріндегі медиацияны қолдану тәсілдері мен тәжірибелерімен бөлісті. Халықаралық тәжірибе алмасу медиацияны ұлттық заңнама аясында ғана емес, түрлі мемлекет мамандарының өзара ынтымақтастығын қажет ететін ортақ кәсіби бағыт ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.
Конференция аясындағы маңызды практикалық нәтижелердің бірі – «Альтернатива» Қазақстандық медиация және құқықтық инновациялар орталығы» қоғамдық бірлестігі мен «Диалог күші» халықаралық медиаторлар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы. Аталған құжат кәсіби байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және медиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады. Тараптар бұл келісімді мамандардың күш-жігерін біріктіруге және диалог мәдениетін одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде бағалады.
Пленарлық отырыстың жалғасы ретінде алты тақырыптық пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар медиацияны қолданудың нақты бағыттарын, атап айтқанда, отбасылық жанжалдарды, балалардың мүдделерін қорғауды, әлеуметтік тұрақтылықты, қалпына келтіруші әділеттілікті, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты, еңбек және азаматтық дауларды, сондай-ақ медицина саласындағы жанжалдарды талқылады. Мұндай формат медиация институтын дамытудың жалпы мәселелерінен нақты тәжірибелік жағдайлар мен кәсіби шешімдерді талқылауға көшуге мүмкіндік берді.
Халықаралық конференция кәсіби тәжірибе алмасуға, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға және дауларды бейбіт жолмен шешудің жаңа тәсілдерін іздеуге арналған маңызды алаңға айналды. Amanzholov University үшін медиацияны дамыту – тек құқықтық мәселелерді меңгеріп қана қоймай, жанжалды жағдайларды сауатты реттей алатын, келіссөз жүргізіп, адамдармен ортақ тіл табыса білетін мамандар даярлауға бағытталған білім беру жұмысының маңызды бөлігі.
Сондықтан университет медиативтік құзыреттерді білім беру бағдарламаларына енгізуге ерекше мән беріп, академиялық білімді қазіргі қоғам сұранысына сай тәжірибелік дағдылармен ұштастыруға басымдық беріп келеді.









