26 маусым 2026
MUĞLA SITKI KOÇMAN УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫ
Университеттің химия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Мукажанова Жазира Бигалиевна және сениор-лектор Сағдоллина Назерке Рашидқызы 2026 жылғы 18 маусым мен 4 шілде аралығында Түркия Республикасындағы Muğla Sıtkı Koçman University университетінде «Химиялық білім беру мен ғылымдағы заманауи зерттеу әдістері және инновациялық технологиялар» (Modern Research Methods and Innovative Technologies in Chemical Education and Science) тақырыбындағы халықаралық біліктілікті арттыру курсынан өтуде.
Бағдарлама халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, озық ғылыми тәжірибелермен алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және химиялық білім беру мен ғылым саласындағы заманауи зерттеу әдістері мен инновациялық технологияларды меңгеруге бағытталған. Курстың мазмұны қатысушылардың ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіруге, кәсіби құзыреттілігін арттыруға және халықаралық ғылыми кеңістікпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Тағылымдама барысында Muğla Sıtkı Koçman University Химия кафедрасының профессоры, 2025 жылғы «Әлемнің ең ықпалды ғалымдары» тізіміне енген Мехмет Өзтүрікпен ғылыми ынтымақтастық орнатылып, бірлескен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін Scopus халықаралық деректер базасына енгізілген Q3 санатындағы Analytical Letters ғылыми журналында жариялау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, халықаралық тағылымдама аясында ғылыми зертханалардың материалдық-техникалық базасымен танысу, заманауи аналитикалық құрал-жабдықтарды пайдалану тәжірибесін меңгеру және болашақта халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқылануда.
Осындай халықаралық біліктілікті арттыру курстары профессор-оқытушылар құрамының кәсіби және ғылыми әлеуетін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге, халықаралық академиялық серіктестікті нығайтуға және университеттің ғылыми беделін халықаралық деңгейде көтеруге зор үлес қосады.







