13 қараша 2026
НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ ТАРИХЫМЕН ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары келді. Олар үшін университет тарихымен, Шығыс Қазақстанның табиғи мұрасымен және ғылыми зерттеулердің заманауи бағыттарымен танысуға мүмкіндік берген танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия университет тарихымен танысудан басталды. Оқушылар білім ордасының қалыптасу кезеңдері, маңызды жетістіктері және есімдері қоғамдық әрі кәсіби өмірдің түрлі салаларының дамуымен тығыз байланысты танымал түлектері туралы ақпарат алды.
Экскурсияның маңызды бөлігі В.С. Бажанов атындағы Табиғат музейіне арналды. Музей қорындағы құнды жәдігерлер Шығыс Қазақстанның алуан түрлі табиғат әлемін таныстырды. Сирек экспонаттар, өңірдің өсімдіктері мен жануарлар дүниесінің өкілдері және бірегей биологиялық материалдар оқушыларға туған өлкенің табиғи байлығын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Табиғи жәдігерлермен танысудан кейін оқушылар ғылыми жаңалықтар әлеміне қадам басты. Университет зертханаларында ғылыми білімнің практикалық шешімдерге қалай айналатыны көрсетілді. Таныстырылған бағыттардың бірі – трибология және беткі қабаттар инженериясы. Оқушыларға материалдардың уақыт өте келе неліктен тозатыны, үйкеліс пен беткі қабаттардың бұзылу үдерістері қалай пайда болатыны және металл мен басқа да бұйымдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға қандай технологиялар мүмкіндік беретіні түсіндірілді.
Ал робототехника мен заманауи инженерлік шешімдер саласындағы әзірлемелер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Роботтардың қозғалысы, интеллектуалды машиналардың жұмысы және инновациялық жобалар заманауи технологиялардың ғылым мен инженериямен тығыз байланысын айқын көрсетті. Бұл мектеп оқушылары үшін бүгінгі таңда технологиялық болашақты қалыптастырып отырған бағыттармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Мұндай танымдық экскурсиялар университеттің ғылыми тәжірибесін өскелең ұрпақпен бөлісуге, оқушыларды зерттеу ортасымен таныстыруға және олардың болашақ білім алу мен кәсіби бағдарын айқындауына жол ашады.









