29 мамыр 2026
ORHUN БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ШҚУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ФЫРАТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУЫ
2026 жылдың 10–23 мамыры аралығында ORHUN бағдарламасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы Түркия Республикасының Элязыг қаласындағы Фырат университетінде академиялық сапармен болып, дәрістер оқып, халықаралық тәжірибе алмасты.
ORHUN бағдарламасы түркітілдес елдердің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және мәдени қарым-қатынасты арттыруға бағытталған маңызды халықаралық жоба болып табылады.
Бағдарлама аясында ШҚУ ғалымдары Фырат университетінің білім алушыларына арнайы курстар бойынша дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді.
Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, Педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының профессоры Күлжібек Әскенқызы Құсманова Білім беру факультетінің Түрік білім беру кафедрасы студенттеріне «Түркі тілдерін оқыту әдістемесі» пәні бойынша дәрістер жүргізіп, түркі халықтарының тілдік және әдістемелік ерекшеліктеріне қатысты тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Майра Шуршитбайқызы Тарлаубай Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Тарих кафедрасы студенттеріне «Қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымы» курсы бойынша дәрістер оқып, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы туралы мазмұнды мәліметтер ұсынды.
Сонымен қатар, Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Толқын Мұратбекқызы Абдрахманова және Педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының сениор-лекторы, педагогикалық ғылымдар магистрі Анастасия Владимировна Косынцева Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Ағылшын тілі аудармасы және ауызша аударма кафедрасы студенттеріне «Шет тілін оқыту әдістері» пәні бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізді.
Академиялық сапар барысында екі жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы арасында тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Ғалымдар білім беру үдерісіндегі заманауи тәсілдер, ғылыми зерттеу бағыттары және халықаралық жобалар жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар тараптар болашақтағы бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Делегация мүшелері Фырат университетінің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен, факультеттері мен зерттеу орталықтарының қызметімен танысып, алдағы ынтымақтастық бағыттары бойынша өзара келіссөздер жүргізді.
ORHUN бағдарламасы аясындағы бұл сапар екі университет арасындағы халықаралық байланысты нығайтып қана қоймай, түркі әлеміндегі ғылыми-мәдени ықпалдастықты дамытуға да маңызды үлес қосты.





