13 қараша 2026
СӨЗДІКТЕР – ТІЛДІК САУАТТЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЛЕКСИКОГРАФИЯҒА АРНАЛҒАН ДӘРІС ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы» пәні аясында «Лексикография – сөздік құрастырудың теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында дәріс өтті.
Дәріс барысында сөздік құрастырудың негізгі қағидалары ғана емес, тіл тұтынушылары күнделікті өмірде жиі кездесетін мәселелер де қарастырылды. Атап айтқанда, жаңа сөздерді дұрыс жазу, сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық ерекшеліктерін ажырату және әдеби тіл нормаларын сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Дәрісті Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сениор-лекторы, филология магистрі Жазира Қуатбекқызы Қайырбаева жүргізді. Іс-шараға университеттің құрметті қонағы, белгілі венгр тарихшысы, түркітанушы және шығыстанушы, Венгрия Ғылым академиясының докторы, Сегед университетінің профессоры Шандор Ласло Папп та қатысты.
Кездесу тіл білімінің сөздік құрастыру теориясы мен тәжірибесін зерттейтін саласы – лексикографияға арналды. Студенттер сөздіктердің негізгі түрлері мен олардың қызметімен танысып, нақты тілдік мәселелерді шешуде анықтамалық басылымдарды қолдану жолдарын қарастырды.
Практикалық жұмыс барысында сөздіктер тілдік талдау құралы ретінде пайдаланылды. Түсіндірме сөздіктің көмегімен студенттер сөздердің мағынасын анықтап, олардың тура және ауыспалы мағынада қолданылуын талдады, көпмағыналы сөздердің әрбір мағынасына мысалдар келтірді. Орфографиялық сөздік арқылы күрделі сөздердің жазылуын тексеріп, дұрыс нұсқаларын таңдауды үйренсе, орфоэпиялық сөздік негізінде әдеби тілдегі айтылу ерекшеліктерін қарастырды.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің орфографиялық сөздігін жаңарту жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Мұндай жұмыстың қажеттілігі қоғамдағы, ғылым мен технология саласындағы өзгерістерге байланысты. Тілдік қолданысқа жаңа ұғымдар мен терминдер енгенімен, олардың жазылуында бірізділік әрдайым сақтала бермейді. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» соңғы басылымы 2013 жылы жарық көрген. Сондықтан тілдік нормаларды жаңарту мәселесі бүгінде ерекше өзекті. Бірыңғай емле ережелерін қалыптастыру білім беру саласы, бұқаралық ақпарат құралдары және күнделікті қарым-қатынас үшін маңызды.
Дәріс барысында студенттер фразеологиялық, синонимдер, антонимдер, омонимдер, этимологиялық және диалектологиялық сөздіктердің мүмкіндіктерімен де танысты. Мұндай сөздіктермен жұмыс істеу сөздік қорды байытып қана қоймай, сөздердің мағыналық реңктерін, тұрақты тіркестердің шығу тарихын және қолданыс ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ал терминологиялық және аударма сөздіктер кәсіби лексиканы дұрыс меңгеруге көмектеседі.
Сондай-ақ тілдік ақпаратты іздеуді едәуір жеңілдететін электрондық ресурстардың мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады. Бұл ретте студенттерге ақпарат көздерінің сенімділігін тексеріп, ғылыми және академиялық негізде әзірленген сөздіктерге басымдық беру қажеттігі түсіндірілді.
Мұндай дәрістер сөздікті тек қиындық туындаған кезде жүгінетін анықтамалық құрал ретінде емес, тілді сақтаудың, дамытудың және оның байлығын ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі ретінде тануға мүмкіндік береді. Сауатты жазу, ойды дәл жеткізу және тілдік нормаларды орынды қолдану сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Ал лексикографиялық дереккөздермен жүйелі жұмыс істеу тілді қоғамның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін үнемі дамып отыратын жүйе ретінде тануға жол ашады.






