5 қараша 2026
САЛЫҚТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастардың салықтық сауаттылығын арттыруға және өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған «ШҚО салықтық волонтері» атты оқыту семинары өтті.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өңір университеттерімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Салық мәдениеті: жастар және мемлекет» атты өңірлік жастардың ағартушылық-волонтерлік жобасы аясында ұйымдастырылды.
Кездесуде салықтық және құқықтық мәдениет, волонтерлік қызметтің негіздері, сондай-ақ студенттердің қоғамдық маңызы бар бастамаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Қатысушылар еріктілік қызметтің құқықтық негіздері, заманауи волонтерге тән қасиеттер және халық арасында шынайы ақпарат таратудағы рөлі туралы пікір алмасты.
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова мемлекеттік кірістер органдарының қызметі, салықтың негізгі түрлері, салықтық әкімшілендіру ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар спикер жастардың мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде кәсіби тұрғыдан даму мүмкіндіктеріне тоқталды. Студенттер мемлекеттік қызметке орналасу талаптары, үміткерлерді іріктеу тәртібі және мансаптық өсу перспективалары, соның ішінде заң мамандықтары түлектеріне арналған мүмкіндіктер туралы мәлімет алды.
Семинардың практикалық жалғасы ретінде жоба үйлестірушісі, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердиннің жетекшілігімен «Әлемді өзгерткен салықтар» атты зияткерлік командалық викторина ұйымдастырылды.
Білім сайысына төрт студенттік команда қатысты. Сұрақтар салық салу және кеден ісі тарихының әр кезеңін қамтыды. Қатысушылар ежелгі өркениеттер мен Шыңғыс хан дәуірінен бастап, Қазақ хандығының салық жүйесі, Шығыс Қазақстандағы кеден ісінің дамуы және қазіргі экономикалық интеграциялық үдерістерге қатысты білімдерін ортаға салды.
Сайыс кезінде студенттер білімдерін тексеріп қана қоймай, логикалық ойлау, өз жауаптарын дәлелдеу және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Қызықты пікірталас пен тартысты бәсеке нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, марапаттарға ие болды.
Семинар студенттерге еліміздің салық жүйесімен және мемлекеттік кірістер органдарының қызмет бағыттарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. «ШҚО салықтық волонтері» бастамасының маңызы ерекше. Жоба аясында жастар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысып, өз құзыреті шегінде халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қоса алады.
Аталған жобаның Amanzholov University базасында жүзеге асырылуы студенттердің кәсіби қалыптасуына, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және алған білімдерін тәжірибеде қолдануына жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта университет пен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында білім беру және ағартушылық бағыттағы бастамаларды жалғастыру жоспарланып отыр.




