5 қазан 2026


ШҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫМЕН ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұстаздар күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасының басшысы Қуат Барысұлы Оқасовпен кездесті.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың атынан Қуат Барысұлына кәсіби мерекеге орай құттықтау жеткізіліп, құттықтау хаты табысталды. Кездесуде Білім басқармасы басшысының өңірдегі білім беру жүйесін дамытуға және педагогтер қауымдастығын қолдауға қосқан үлесі атап өтілді.

Тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, бірлескен жұмыстың перспективаларын және жаңа бастамаларды жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Педагог кадрларды даярлау, білім беру жобаларын дамыту және университет пен облыстың білім беру ұйымдары арасындағы практикалық байланысты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша жұмыс кездесуін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Алдағы кездесуде көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырып, одан әрі жұмыстың нақты бағыттарын айқындау жоспарланып отыр.

Кездесу жылы әрі сындарлы атмосферада өтіп, білім беру саласындағы мазмұнды ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалады.