27 қазан 2026


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ӘЗІРЛЕДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасының 6В05202 «Экология» білім беру бағдарламасының төртінші курс студенттері «Қалаға арналған экологиялық шешім» атты жобалық шеберханаға қатысты.

Іс-шара «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы мен Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Шеберханаға кафедра оқытушылары Серік Бакин, Жанат Жазнаева және Бибігүл Дәукенова жетекшілік етті. Негізгі мақсат – студенттердің экологиялық ойлау қабілетін қалыптастыру, жобалық құзыреттерін дамыту және Өскемен қаласындағы өзекті экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеуге қажетті практикалық дағдыларын жетілдіру.

Жұмыс барысында студенттер қала экологиясына қатысты маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, атмосфералық ауаның ластануы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды басқару, аумақтарды көгалдандыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық мониторингті жетілдіру және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар электрондық шағын жобалар әзірлеп, жобалаудың негізгі кезеңдерінен өтті. Олар таңдалған мәселені талдап, оның себептерін анықтаудан бастап, мақсаттары мен міндеттерін белгілеуге, табиғатты қорғау шараларын ұсынуға және күтілетін экологиялық әрі әлеуметтік нәтижелерді бағалауға дейінгі жұмыстарды орындады.

Жобалық жұмыстар бірнеше негізгі бағытты қамтыды. Олардың қатарында атмосфералық ауаның ластануын азайту және экологиялық мониторингті жетілдіру, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және қайта пайдалану жүйесін дамыту, қаланың өндірістік және тұрғын аудандарын көгалдандыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау, ресурсты үнемдейтін және экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу және тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне тарту бар. Сонымен қатар қаладағы экологиялық мәселелерді шешуде цифрлық құралдарды қолдану жолдары қарастырылды.

Жобалардың нәтижелерін цифрлық форматта ұсынуға ерекше көңіл бөлінді. Электрондық жобаларды әзірлеу студенттерге теориялық білімдерін заманауи жобалау және визуализация әдістерімен ұштастыруға, өз идеялары мен экологиялық мәселелерді шешу жолдарын көрнекі түрде таныстыруға мүмкіндік берді.

Жобалық шеберхананың тақырыптары БҰҰ-ның бірнеше Тұрақты даму мақсатын қамтыды. Атап айтқанда, 3-мақсат – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», 6-мақсат – «Таза су және санитария», 9-мақсат – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым», 11-мақсат – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», 12-мақсат – «Жауапты тұтыну және өндіріс», 13-мақсат – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және 15-мақсат – «Құрлық экожүйелерін сақтау».

Шеберханаға қатысу болашақ экологтарға кәсіби білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға, сыни ойлау қабілетін, командалық жұмыс дағдыларын және экологиялық жобалау құзыреттерін дамытуға мүмкіндік берді. Өз жобаларын әзірлеу арқылы студенттер қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру мен өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі эколог мамандардың рөлін тереңірек түсінді.

Жобалық шеберхана экологиялық мәселелерді шешу олардың себептерін терең түсінуден, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудан және нақты бастамалар ұсынуға дайын болудан басталатынын көрсетті. Осындай жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, Өскеменнің таза, жайлы әрі тұрақты қала ретінде дамуына негіз қалайды.

«Таза Қазақстан» – әрқайсымыздан басталады!