12 қараша 2026
«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЖАСТАР ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім алушылар арасында құқықбұзушылықтың, қылмыстың және буллингтің алдын алуға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиында құқықтық сауаттылық, жеке және қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ әрбір адамның өз іс-әрекетіне жауапкершілігі мәселелері талқыланды.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәселелер жөніндегі білімін арттыру, ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға үйрету және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алу.
Құқықтық жауапкершілік тақырыбын түсіндірген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Динара Жақсыбаева студенттерге қылмыстық заңнаманың негізгі ережелерін баяндап, қылмыстық жауапкершілік басталатын жас мөлшері мен заңда көзделген жаза түрлеріне тоқталды.
Ол жастар күнделікті өмірде тап болуы мүмкін құқықбұзушылықтарға, атап айтқанда, ұрлық, тонау, бопсалау, вандализм және кибербуллинг мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салынған орындарда тұтыну секілді әкімшілік құқықбұзушылықтар да қарастырылды.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі цифрлық қауіпсіздік мәселесіне арналды. Ульбин полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Дулат Қабышев интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен олардан қорғану жолдары туралы айтып берді. Ол желідегі бір ғана абайсыз әрекеттің жеке деректерден немесе ақшалай қаражаттан айырылуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты студенттерге қауіпсіздіктің негізгі ережелері түсіндірілді. Атап айтқанда, банк деректемелерін, құпиясөздер мен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді өтініштер бойынша ақша аудармау, сондай-ақ өзін құқық қорғау органдарының немесе өзге ұйымдардың қызметкері ретінде таныстыратын адамдардың қоңырауларына сақтықпен қарау қажеттігі айтылды.
Түсіндірілген ақпаратты нақты мысалдар арқылы бекіту мақсатында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Бейнематериалды көру пікір алмасуға ұласып, студенттер мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ықтимал қауіп-қатерлерді талқылады. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша практикалық кеңестер алды.
Кездесу заң талаптарын білу ғана емес, оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдана білудің де маңызды екенін көрсетті. Құқықтық салдарды түсіну, жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау және айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеу көптеген жанжал мен қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру AMANZHOLOV UNIVERSITY-дегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Мұндай кездесулер студенттердің заң талаптары туралы ақпарат алып қана қоймай, оның қағидаттарын өз іс-әрекетінде саналы түрде басшылыққа алуына ықпал етеді.



