10 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДІНТАНУ САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҚ МАМАНДАРЫ ДАЯРЛАНУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дінтану саласындағы мамандар даярлау іргелі білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыруға негізделген. Осы мақсатта 2020 жылы «Дінтану – философия» білім беру бағдарламасы ашылып, бүгінгі күнге дейін 51 түлек даярланды. Биыл тағы 29 студент оқуын аяқтауға дайындалуда.

Мамандар даярлаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін 2024 жылы «Философия – дінтану» магистратурасы іске қосылды. Бағдарлама түлектерге білімін тереңдетіп, докторантурада жалғастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде түлектер мемлекеттік органдарда, білім беру ұйымдарында, дін саласындағы мекемелерде қызмет атқаруда. Олардың қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылымдарында еңбек етіп жүрген мамандар да бар. Университеттің негізгі серіктестері қатарында ШҚО Дін істері басқармасы, ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығы және басқа да мемлекеттік ұйымдар бар.

Студенттер тәжірибе барысында ғибадат орындарына барып, дін өкілдерімен кездесіп, талдау және мониторинг жүргізу дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, халықаралық конференциялар мен ғылыми жобаларға белсенді араласады.

2026 жылғы 10 маусымда университетте «Тәжірибеге бағытталған дінтану білімі: Шығыс Қазақстан облысының мысалында» атты аймақтық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, ШҚО Дін істері басқармасы және ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Дөңгелек үстелде дінтану мамандарын даярлау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ университет оқытушылары, сала мамандары мен студенттер өз баяндамаларын ұсынып, тәжірибеге бағытталған білім берудің маңызын атап өтті.