29 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЖАС ЗЕРТТЕУШІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Ғылым фестивалі аясында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Жас зерттеуші» ғылыми жобалар байқауы өтті. Дарынды жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған байқау жас зерттеушілердің тың идеяларын ұсынып, өз жобаларын қорғауына мүмкіндік берді.

Байқау барысында қатысушылар география-жаратылыстану, математика-физика, өнер, тарих-тіл білімі, информатика, IT және робототехника, әлеуметтік жобалар бағыттары бойынша ғылыми жұмыстарын таныстырды. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары үшін «Ғылымға алғашқы қадамдар» арнайы номинациясы ұйымдастырылды.

Қатысушылар өз ғылыми жобаларын презентация арқылы қорғап, зерттеу жұмыстарының өзектілігі мен практикалық маңызын дәлелдеді. Байқау алаңы жас өрендердің ғылыми ізденісін қолдауға, тәжірибе алмасуға және болашақ зерттеушілерді ынталандыруға бағытталған маңызды платформаға айналды.

«Жас зерттеуші» байқауы ғылымға қадам басқан оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға серпін беріп, олардың ғылыми ортаға бейімделуіне жол ашты.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар марапатталып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Аманжолов университеті ғылым мен білімге құштар жастарды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыра береді.