28 мамыр 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекетті дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ауқымды жиынға сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, ғылыми қауымдастық мүшелері, азаматтық сектор өкілдері мен жастар қатысты. Конференция алаңы құқықтық реформаларды талқылап қана қоймай, Конституцияның қоғам өміріндегі нақты рөлін түсіндіруге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Жастар мәселесіне ерекше назар аударған Нұрымбет Сақтағанов Конституция әр азамат үшін нақты жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жас буын Ата заңды формалды құжат ретінде емес, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғайтын нақты тетік ретінде қабылдауы тиіс.

Конференция барысында Қазақстан Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың нақты тәжірибелері туралы баяндама жасады. Ол бұрын ШҚО-ның Ұлан ауданында тұрған, кейін басқа мемлекеттің азаматтығын алған азаматшаның зейнетақы төлемдерін рәсімдеу барысында туындаған мәселенің заң аясында шешілгенін мысалға келтірді.

Баяндамашының сөзінше, мұндай тәжірибелер сот жүйесі мен конституциялық бақылау институттарының тиімділігін көрсетіп, қоғамның әділдікке және құқық үстемдігі қағидаттарына деген сенімін арттырады.

Шараға Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, Әділет министрлігі жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов, сондай-ақ өңірдің сот және құқық қорғау жүйесінің өкілдері қатысты.

Қатысушылар конституциялық бақылауды дамыту, адам құқықтарының кепілдіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және құқықтық институттардың рөлін арттыру мәселелерін талқылады.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарына негізделген саяси реформаларының маңыздылығы да ерекше аталып өтті.

Конференция аясында «Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясы» атты студенттер арасындағы онлайн-байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Айта кетейік, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-де құқықтық сауаттылықты арттыруға, жастардың азаматтық белсенділігін дамытуға және конституциялық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.