27 сәуір 2026


ОРЫС ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫ: БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕР

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасында «Орыс тілін оқытудағы ЖИ-құралдары» тақырыбында мұғалімдерге арналған семинар өтті.

Іс-шараны кафедраның сениор-лекторы Н.Н. Будникова жүргізді. Семинар жұмысына Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы аудандарындағы мектептердің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 30-ға жуық мұғалімі қатысты.

Кездесу барысында білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жолдары қарастырылды. Қатысушыларға мәтіндермен жұмыс, оқу тапсырмаларын әзірлеу және білім алушылардың білімін бағалау барысында ЖИ-құралдарын пайдаланудың практикалық үлгілері таныстырылды.

Семинардың басты ерекшелігі – оның тәжірибелік бағыттылығы болды. Педагогтер заманауи цифрлық құралдармен танысып қана қоймай, интерактивті форматта тапсырмалар орындап, олардың нәтижелерін талқылау арқылы қолдану тетіктерін тәжірибе жүзінде пысықтады.

Тақырыптың өзектілігі білім беру жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу қажеттілігімен және мұғалімдердің жаңа әдістемелік әрі цифрлық құзыреттерін дамыту талабымен байланысты.

Семинар педагогикалық қауымдастықтың жасанды интеллект құралдарын оқытуда қолдануға жоғары қызығушылық танытатынын көрсетті және олардың орыс тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттырудағы әлеуетін айқындады.