29 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ HUMAN CAPITAL – 2026 ОБЛЫСТЫҚ МАНСАП ФОРУМЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету және өңірдің адами капиталын дамыту мақсатында Human Capital – 2026 облыстық мансаптық форумы өтті. Ауқымды іс-шара университет, жұмыс берушілер мен болашақ мамандар арасындағы тиімді байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды.

Форумның ашылуында университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген қатысушыларды құттықтап, еңбек нарығының жаңа талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың маңызын атап өтті. Іс-шара барысында әлеуметтік серіктестерге «Үздік жұмыс беруші – 2026» марапаты табысталып, университет түлектері мен жұмыс берушілер арасында жұмысқа орналастыруға бағытталған ниет келісімдеріне қол қойылды.

Форум аясында «Карьера бастауы: студент қалай сұранысқа ие маман бола алады?» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және өндіріс саласының өкілдері жастарды еңбек нарығына бейімдеу, мансаптық мүмкіндіктер мен кәсіби даму бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шараның маңызды бөлігіне айналған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026» аясында студенттер мен түлектер жетекші жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, экспресс-сұхбаттардан өтті, компаниялардың қызметімен танысты, жұмысқа орналасу бойынша кеңес алды. Форум алаңында нетворкинг ұйымдастырылып, қатысушылар кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Human Capital – 2026 форумы Аманжолов университетінің түлектерді қолдау, жұмыс берушілермен серіктестікті күшейту және жастардың табысты мансап жолын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының жарқын көрінісі болды.