22 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘЗІРЛЕМЕСІ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мамандары әзірлеген кіріктірілген диагностикалық қосымшасы бар кәсіби дефектолог үстелі Қарағанды облысы білім басқармасының «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» КММ-не табысталды.

Аталған инновациялық өнім 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттілік орталығы» коммерцияландыру жобасы аясында әзірленді.

Кәсіби дефектолог үстелі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды диагностикалау мен түзете-дамыту жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға арналған заманауи құрал. Оның құрамына енгізілген арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету балаларды кешенді бағалау және сүйемелдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл әзірлеме арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарының тәжірибесіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге жол ашады.

Жобаны әзірлеушілер Досым Ерболатұлы мен Рауан Байчинов жабдықты Қарағанды қаласына жеткізіп, мекеме мамандарына пайдалануға тапсырды. Іссапар барысында олар диагностикалық қосымшаның жұмыс ерекшеліктері бойынша кеңес беріп, құрылғыны тиімді қолдану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Университеттің ғылыми әзірлемесінің облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметіне енгізілуі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың заманауи технологияларын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл жоба сондай-ақ Аманжолов университеті ғалымдарының зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізудегі әлеуетін және ғылыми инновациялардың қоғам игілігіне қызмет етудегі маңызын көрсетеді.