8 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ «AI LEADERS 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СЕРТИФИКАТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жасанды интеллект жылы» аясында еліміздің жоғары білім беру жүйесінде цифрлық трансформацияны дамытуға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылуда.

Осы бағыттағы іргелі жобалардың бірі – Stanford University HAI, OpenAI Academy және Silkroad Innovation Hub ұйымдарының қатысуымен өткен халықаралық «AI Leaders 2026» флагмандық бағдарламасы. Әлемге әйгілі сарапшы Питер Норвигтің жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл бағдарлама жасанды интеллект саласындағы заманауи басқару модельдерін меңгеруге мүмкіндік берді.

«Alem AI Expo» алаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры жоғары оқу орындары басшылары арасынан «AI Leaders» сертификатына ие болған 12 ректордың қатарынан көрінді.

Бұл – Аманжолов университетінің цифрлық даму мен инновациялық білім беру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Бүгінде университетте «AI Amanzholov» орталығы табысты жұмыс істеп, студенттер мен жас зерттеушілердің жасанды интеллект технологияларын меңгеруіне жол ашуда.

Университет алдағы уақытта да өңірдің ғылыми-технологиялық дамуына үлес қосып, «Ақылды университет» моделін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.