15 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТАРИХИ НЫСАНДАРЫНДА ОҚУ ПРАКТИКАСЫН ӨТТІ

8–14 маусымы аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 6В05201 «География», 6В05203 «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі», 6В01517 «География IP» және 6В01523 «География–Тарих» білім беру бағдарламаларының студенттері оқу практикасын сәтті аяқтады.

Практика Шығыс Қазақстан өңірінің бірегей табиғи және тарихи-мәдени нысандарын қамтыған маршрут бойынша ұйымдастырылды. Білім алушылар Өскемен – Күршім көпірі – Қиын-Керіш – Берел қорғандары – Бұқтырма өзені – Рахман қайнарлары – Шыңғыстай ауылы – Оралхан Бөкей мұражайы бағытымен сапар шегіп, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Оқу практикасының негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, ғылыми-зерттеу және далалық жұмыстарды орындау дағдыларын жетілдіру болды. Практика барысында студенттер зерттеу аумақтарында фотомониторинг жүргізіп, Қиын-Керіш шатқалындағы жер бедері мен геоморфологиялық процестерді зерттеді. Сонымен қатар тау жыныстарының үлгілерін жинап, олардың ерекшеліктерін сипаттады.

Білім алушылар Берел қорғандарының табиғи және тарихи-мәдени маңызын талдап, жергілікті жердің жоспарын құрастыру жұмыстарын орындады. Сондай-ақ Бұқтырма өзенінің арнасы мен жағалауының экологиялық жағдайын бағалап, Катонқарағай өңірінің табиғи кешендерін зерттеді. Рахман қайнарларының гидрологиялық ерекшеліктерімен танысып, олардың табиғи әлеуетіне талдау жасады.

Практика бағдарламасының маңызды бөлігінің бірі – Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкей мұражайына жасалған танымдық сапар болды. Мұнда студенттер өлкетану және тарихи-мәдени зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өңірдің рухани мұрасымен жақынырақ танысты.

Оқу практикасы барысында студенттер далалық зерттеу әдістерін меңгеріп, бақылау жүргізу, деректер жинау және оларды ғылыми тұрғыдан талдау дағдыларын жетілдірді. Табиғи және тарихи нысандарды тікелей зерттеу олардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, болашақ маман ретінде қалыптасуына маңызды үлес қосты.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылатын осындай тәжірибелік жұмыстар білім алушылардың кәсіби дайындығын нығайтып, география ғылымын терең меңгеруіне кең мүмкіндік береді. Өйткені географияны танудың ең тиімді жолы – табиғатты өз көзіңмен көріп, зерттеу.