5 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ 240 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Риддер қаласының 240 жылдық мерейтойы аясында «Риддер қаласы: тарих кеңістігінің өлшемдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен сарапшылар қатысты.

Конференция барысында өңір тарихы мен археологиясы, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, Кенді Алтайдың экономикалық даму әлеуеті, өлкетану және туризмді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессорлары мен ғалымдары ғылыми жиынның пленарлық мәжілісінде баяндама жасап, өз зерттеулері мен ғылыми тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Айжан Маратбекқызы Картава, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Раушан Қалымбекқызы Нұрбекова, тарих магистрі, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор-басқарма мүшесі, сениор-лектор Жанетта Амангелдіқызы Калимолдина және филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бердібек Нұралдинұлы Бияров өзекті ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Ғалымдар өз сөздерінде Риддер қаласының тарихи-мәдени мұрасы, өңірлік даму ерекшеліктері, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ғылыми зерттеулердің маңызына тоқталды. Сонымен қатар, конференция алаңында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту, өңірлік зерттеулерді дамыту бағытындағы өзара пікір алмасулар өтті.

Аталған халықаралық конференция ғылым мен қоғам арасындағы байланысты күшейтіп, тарихи мұраны зерделеу мен өңірлік дамудың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.