30 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ТҮСІНДІРУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖҰМЫСҚА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ғылыми тұрғыдан түсіндіру және қоғамның конституциялық-құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясын әзірлеуге және оны ғылыми түсіндіру жұмыстарына атсалысып жүрген профессор-оқытушылар қатысты.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен кездесуге Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова, кафедра меңгерушісі, сениор-лектор Лайла Құмарбекқызы Сәдуақасова, қауымдастырылған профессорлар, заң ғылымдарының кандидаттары Жанна Есімбекқызы Садықанова, Марианна Ивановна Дячук және Гүлмира Төлеубекқызы Байыркенова қатысты.

Кездесу барысында 2026 жылғы Конституцияны ғылыми тұрғыдан түсіндіру, оның негізгі қағидаларын халық арасында кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен конституциялық-құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаны әзірлеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ғылыми қауымдастықтың аталған бағыттағы рөлі, жоғары оқу орындарының құқықтық ағарту ісіне қосатын үлесі және алдағы бірлескен жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.

Аманжолов университеті құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, заң ғылымын дамытуға және қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық бастамаларға белсенді қатысып, өз ғалымдарының ғылыми әлеуетін ел игілігі жолында тиімді пайдалануды жалғастыра береді.