7 қыркүйек 2026


БАСТЫ НАЗАРДА — УНИВЕРСИТЕТТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ректор Гүлжан Жарасованың профессор-оқытушылар құрамымен, проректорлармен және факультет декандарымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында университетті одан әрі дамыту және оның инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, оқу ғимараттарын жаңарту жұмыстарын жалғастыру, жатақханалардағы студенттердің тұру жағдайларын жақсарту, бейінді кабинеттерді жаңарту, сондай-ақ компьютерлік сыныптарды жаңғырту жоспарлары қарастырылды.

Басым бағыттардың бірі – университетті қысқы кезеңге дайындау. Осыған байланысты ғимараттарды жылыту және жылы ұстау, студенттер мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қажетті жөндеу және шаруашылық жұмыстарын уақтылы орындауға ерекше назар аударылмақ.

Кездесудің жеке бір бөлігі профессор-оқытушылар құрамының ғылыми қызметіне арналды. Қазіргі уақытта ППҚ-ның ғылыми жарияланымдарын жандандыру және ілгерілету, жарияланымдық белсенділікті арттыру, сондай-ақ университет қызметкерлерінің ғылыми бастамаларын қолдау бойынша жоспар әзірленуде.

Қыркүйек айындағы жұмыс жоспарын талқылау барысында облыстық және республикалық деңгейдегі конкурстарға қатысатын студенттерді қолдау мәселесі де қарастырылды. Атап айтқанда, «Мисс Өскемен – 2026» байқауына қатысатын студенттерге ақпараттық қолдау көрсету, олардың фотосуреттері орналастырылған баннерлер әзірлеу және оларға қолдау білдіруге арналған дауыс беруді ұйымдастыру ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша студенттердің білім алуы мен тұру жағдайларын жақсартуға, университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған негізгі жұмыс бағыттары мен басым міндеттер айқындалды.