16 шілде 2026
ПАРАСАТ ПЕН КӘСІБИЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ: ГҮЛНАРА БОРИСҚЫЗЫН МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы Педагогика жоғары мектебінің басшысы Гүлнара Борисқызын мерейлі 50 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.
Бұл айтулы белес – ұзақ жылғы жемісті еңбекке, жоғары кәсібилікке және ғылым мен білімнің дамуына қосқан өлшеусіз үлеске көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Гүлнара Борисқызының кәсіби жолы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен тығыз байланысты. Университетті «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша тәмамдап, ғылыми-педагогикалық қызметке қадам басқан ол аға оқытушыдан бастап жоғары мектеп басшысына дейінгі жауапты еңбек жолынан өтті. Бүгінде Педагогика жоғары мектебіне табысты жетекшілік етіп, басшы, ғалым және педагог ретінде жоғары білікті мамандар даярлауға, педагогикалық білім беруді жетілдіруге және университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Еңбек гигиенасы және қызметкерлердің денсаулығын қорғау мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды дамыту және жас ғалымдарды қолдау бағытындағы еңбегі оның кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығын айқын көрсетеді.
Гүлнара Борисқызының жемісті еңбегі жоғары бағаланып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қола медальмен және Қазақстан Республикасының «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар оның ғылым мен жоғары білім саласындағы табысты қызметінің және кәсіби беделінің айқын дәлелі.
Әріптестері Гүлнара Борисқызын парасатты басшы, әділ әрі талапшыл жетекші, жаңашыл бастамалардың қолдаушысы ретінде ерекше құрметтейді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, жауапкершілігі және стратегиялық көзқарасының арқасында Педагогика жоғары мектебі тұрақты дамып, университеттің академиялық дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Осы мерейлі күні Гүлнара Борисқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, бақ-береке, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық шабыт және толайым табыс тілейміз. Барлық игі бастамаларыңыз сәтті жүзеге асып, еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым әріптестеріңіздің құрметіне, шәкірттеріңіздің алғысына және жақындарыңыздың ыстық ықыласына бөлене беруіңізге тілектеспіз.
