3 маусым 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА «ШҚУ – 2029» СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «ШҚУ – 2029: халықаралық рейтингтер, тұрақты даму және жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында стратегиялық сессия өтті. Іс-шара университеттің басшылық құрамы, жоғары мектеп декандары, кафедра меңгерушілері мен құрылымдық бөлімше жетекшілерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Стратегиялық кездесуді университеттің Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова жүргізді.

Сессия барысында университеттің алдағы даму бағыттары, халықаралық білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту, тұрақты даму қағидаттарын енгізу және білім сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселелері кеңінен талқыланды.

Қатысушылар жоғары оқу орнының 2029 жылға дейінгі стратегиялық жоспары аясында ғылымды дамыту, халықаралық серіктестікті кеңейту, академиялық ұтқырлықты арттыру, цифрландыру үдерістерін жетілдіру және заманауи білім беру трендтеріне бейімделу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар кездесуде университеттің жаһандық білім беру нарығындағы орнын нығайту, шетелдік серіктестермен байланысты күшейту және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Шара қорытындысында қатысушылар ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтіп, Аманжолов университетінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.