5 қараша 2026
ҒЫЛЫМ, ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ: IT ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ МІНДЕТТЕРІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің басшылығымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде құрылымдық бөлімшенің қызмет нәтижелері, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, жасанды интеллектіні енгізу және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.
Жиынға университет проректорлары, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Әдіканова, оқу жұмысы жөніндегі декан орынбасары және кафедра меңгерушілері қатысты.
Басты басымдықтардың бірі – материалдық-техникалық базаны жетілдіру. Атап айтқанда, компьютерлік жабдықтарды жаңарту, мамандандырылған аудиторияларды жаңғырту және білім алушылардың сапалы практикалық даярлығына қажетті жағдай жасау мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар білім беру үдерісін цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын қолдану аясын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қатысушылар заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеу, оқу үдерісіне жасанды интеллект құралдарын енгізу және кафедралардың жобалық қызметін жандандыру бағыттарын талқылады.
Бұл бағыттың өзектілігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттермен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеру елдің ілгерілеуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарты екенін атап өткен болатын. Осыған орай жоғары оқу орындары цифрлық құралдарды білім беру және ғылыми қызметке енгізіп қана қоймай, жаңа технологиялармен тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлауы қажет.
Кездесу кезінде инженерлік экология және техносфералық қауіпсіздік бағыттары бойынша кадр даярлау перспективалары, ғылыми-зерттеу қызметінің аясын кеңейту, сондай-ақ студенттерді оқудың алғашқы семестрлерінен бастап ғылыми және практикалық жобаларды жүзеге асыруға тарту мәселелері де қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша білім беру ортасын жаңғыртуға, цифрлық құзыреттерді дамытуға, студенттік бастамаларды қолдауға және жоғары мектептің ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Мұндай жұмыс кездесулері құрылымдық бөлімшелердің өзекті қажеттіліктерін анықтауға, стратегиялық бағдарларды үйлестіруге және білім беру сапасын арттыру, университетті дамыту мен оның халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтуға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.



