14 қазан 2026


ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕЛЕРДІ ДЕНДРОХРОНОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГТЕН ӨТКІЗУГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК ВЕБИНАР

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ағаш тұқымдас өсімдіктердің климаттың өзгеруі мен ауаның ластануына төзімділігін зерттеудің заманауи әдістері: қалалық экожүйелердің жай-күйін бағалаудағы дендрохронологиялық мониторингтің рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік вебинар өтті.

Іс-шара Zoom платформасында онлайн форматта ұйымдастырылды. Вебинарға AP25794101 ғылыми жобасының жетекшісі, қауымдастырылған профессор, PhD докторы Құралай Бауыржанқызы Алипина жетекшілік етті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің AP25794101 «Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде өсетін ағаш тұқымдас өсімдіктерге техногендік факторлар мен климат өзгерісінің әсерін дендроиндикация әдісімен зерттеу» гранттық жобасы аясында өткізілді.

Вебинар модераторы әрі негізгі баяндамашы Құралай Бауыржанқызы Алипина Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлеріндегі ағаш екпелерінің техногендік жүктеме мен қуаң климат жағдайларына төзімділігін кешенді бағалауға арналған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Ол ағаш тұқымдас өсімдіктердің жай-күйін бағалауға, экологиялық факторлардың олардың өсуі мен дамуына әсерін анықтауға мүмкіндік беретін дендрохронологиялық зерттеудің заманауи әдістеріне тоқталды. Сонымен қатар қалалық экожүйелерді мониторингтеуде дендроиндикациялық әдістерді қолдану перспективалары қарастырылды.

Вебинарға дендрохронология және өсімдіктер экологиясы саласында еңбек етіп жүрген Қазақстанның жетекші ғалымдары мен мамандары қатысты. Олардың қатарында PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «Торайғыров университеті» КЕАҚ Дендрохронология зертханасының жетекшісі Нариман Бейбітұлы Мапитов; PhD докторы, орманды дала аймағындағы қылқан жапырақты ағаштарды зерттеуші, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және Astana International University өкілі Шолпан Бейсембайқызы Абилова; докторант, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің аға оқытушысы Айдана Раипқызы Тоқтарғалиева болды.

Ғылыми талқылауға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Биология» білім беру бағдарламасының білім алушылары да қатысты. Олар экологиялық зерттеулердің заманауи бағыттарымен танысып, сала мамандарының ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болды.

Вебинар қорытындысында ғылыми пікірталас өтіп, қатысушылар қалалық аумақтардың экологиялық жай-күйін бағалауда дендрохронологиялық және дендроиндикациялық әдістерді қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Техногендік факторлар мен климаттың өзгеруі жағдайында ағаш өсімдіктеріне әсер ететін үдерістерді зерттеуде, сондай-ақ қалалық экожүйелердің тұрақтылығын болжауда аталған әдістердің маңыздылығы атап өтілді.

Вебинар ғылыми тәжірибе алмасуға, өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға және зерттеушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар іс-шара экологиялық мониторингтің заманауи әдістерін кеңінен насихаттауға және климаттың өзгеруі мен антропогендік жүктеме жағдайында ағаш екпелерінің тұрақтылығын зерттеу бағытындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.