20 қазан 2026


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА «САҒАН КІТАП АРНАДЫМ» АКЦИЯСЫНА ҚОСЫЛЫҢЫЗ

Қазақстан Республикасы күні қарсаңында «Оқитын ұлт» марафоны аясында ұйымдастырылған «Саған кітап арнадым» республикалық акциясы басталады. Бастаманың мақсаты – кітап оқуды насихаттау, кітап сыйлау мәдениетін дамыту және жастар мен түрлі буын өкілдерінің әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

Республика күні – ел тарихын, ұлттық құндылықтарды және болашаққа деген ұмтылысты бейнелейтін маңызды мереке. Бұл күні адамдарды жақындастыратын, білім алмасуға ықпал ететін және рухани мәдениетті қалыптастыратын игі бастамалардың маңызы арта түседі. Осындай символдық сыйлықтардың бірі – кітап. Ол адамға шабыт сыйлап, жаңа идеяларға жол ашып, қызықты оқиғалар әлеміне жетелейді.

Акцияның негізгі идеясы – жақын адамға, досқа, әріптеске, сыныптасқа немесе курстасқа шын жүректен жазылған тілегіңізбен бірге кітап сыйлау. Қатысушыларға сыйлықтың тарихын әлеуметтік желілерде бөлісу ұсынылады. Бұл оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және өзгелерді де бастамаға қосылуға ынталандыруға мүмкіндік береді.

Акцияға мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоба амбассадорлары және оқитын ұлт қалыптастыру идеясын қолдайтын барша азамат қатыса алады.

Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жеке кітапханаңыздағы жақсы сақталған кітапты таңдау қажет. Мүмкіндік болса, «Оқитын ұлт» марафонының кітаптар тізіміне енген шығармаларға басымдық берген жөн. Кітаптың алғашқы бос бетіне жылы лебіз жазуға немесе сыйлық иесінің аты-жөні, кітапты сыйлаушының есімі және дәл осы шығарманы таңдау себебі көрсетілген ашықхат қоса беруге болады.

Кітапты сыйға тартқаннан кейін қатысушыларға әлеуметтік желілерде фотосурет немесе қысқа бейнеролик жариялап, шығарма туралы және оны таңдау тарихымен бөлісу ұсынылады. Акцияны қолдау үшін марафонның ресми @kitap_oqityn_ult парақшасын белгілеп, #СағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday хэштегтерін пайдалану қажет. Сонымен қатар қатысушылар эстафетаны достарына, әріптестері мен таныстарына жолдап, оларды да бастамаға шақыра алады.

Акцияға қатысу – ерікті. Міндетті түрде жаңа кітап сатып алу талап етілмейді. Жеке кітапханадағы жақсы сақталған басылым да бағалы әрі есте қаларлық сыйлық бола алады. Білім беру ұйымдарында кітап алмасу шараларын өткізуге де мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда қатысушылар өздері қалаған бір кітапты әкеліп, орнына басқа кітап ала алады.

«Саған кітап арнадым» акциясы – Республика күнін игі іспен атап өтіп, сүйікті шығармаларыңызбен бөлісуге және кітап оқудың адам өміріндегі маңызын еске салуға арналған бастама. Өйткені сыйға тартылған кітап – жай ғана ықылас белгісі емес, білім мен шабытты, әдебиетке деген сүйіспеншілікті бөлісудің жолы.

Кітап сыйлайық – ізгілікпен, біліммен және шабытпен бөлісейік! Әрбір сыйға тартылған кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы тағы бір қадам болсын!