26 маусым 2026


AМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ДИПЛОМДАРЫНА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде бітіруші түлектерге диплом табыстау қарсаңындағы дәстүрлі әрі маңызды рәсім өтті. Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген түлектердің дипломдарына қол қойып, олардың жаңа өмір белесіне нық қадам басуына ақжарма тілегін білдірді.

Биыл Жоғары колледжді 324 студент тәмамдаса, олардың 58-і оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды. Бұл – олардың табанды еңбегі, білімге деген ұмтылысы мен кәсіби жауапкершілігінің жарқын көрінісі.

Рәсім барысында университет басшысы үздік түлектердің жетістіктерін жоғары бағалап, алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, өз ісінің білікті маманы ретінде қоғамның дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.

Дипломға қол қою рәсімі – түлектердің студенттік өміріндегі маңызды кезеңнің аяқталып, жаңа кәсіби жолының басталғанын айшықтайтын тағылымды дәстүр. Бұл сәт әрбір жас маманның болашаққа деген сенімін нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға жігер береді.