14 мамыр 2026


«AI CHALLENGE» СТУДЕНТТІК КЕЙС-ЧЕМПИОНАТЫ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін университетімізде физика және технологиялар кафедрасының ұйымдастыруымен «AI Challenge» студенттік кейс-чемпионаты өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің жасанды интеллект технологияларын кәсіби бағыттарында қолдану дағдыларын дамыту, инновациялық ойлауын қалыптастыру және цифрлық құзыреттіліктерін арттыру.

Кейс-чемпионатқа кафедраның алты білім беру бағдарламасының студенттері қатысып, екі апта бойы жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы өз бағыттарына сәйкес жобалар әзірледі. Бүгін қатысушылар қазылар алқасы мен көрермендер назарына өздерінің инновациялық шешімдері мен практикалық жобаларын ұсынды.

Іс-шараның ашылуында қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ұйымдастырушылар жасанды интеллекттің қазіргі таңда білім беру, ғылым және экономиканың негізгі даму бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі бастамалары және жастардың AI-құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған AI-SANA бағдарламасының маңыздылығы ерекше айтылды.

Физика және технологиялар кафедрасы бүгінде педагогикалық, инженерлік-техникалық, ядролық энергетика, өндірістік технологиялар және шығармашылық бағыттарды біріктіретін көпсалалы құрылым ретінде студенттерге заманауи технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп келеді. Чемпионат барысында ұсынылған жобалар осы бағыттардағы білім мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің тиімді ұштасқанын көрсетті.

Қазылар алқасының құрамында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахимжанов та болып, қатысушылардың жобаларына баға берді. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, практикалық маңыздылығына және инновациялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударды.

Қатысушылар өз жобаларында өндірістік үдерістерді автоматтандыру, білім беру платформаларын жетілдіру, шығармашылық салаларға AI енгізу және технологиялық шешімдерді оңтайландыру бағытындағы тың идеяларын ортаға салды.

Осындай іс-шаралар студенттердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын игерген жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс айтылып, үздік жобалар арнайы марапатталды.