2 қараша 2026
АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ МАЛАЙЗИЯДА БІЛІМ АЛУДА
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті Мадина Тоқтарова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Малайзиядағы Sultan Idris Education University (UPSI) университетінде білім алып жүр. Халықаралық білім беру бағдарламасына қатысу оған шетелдік жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысуға, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеруге және болашақ мамандығына қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
Мадинаның айтуынша, Малайзия университетіндегі оқу үдерісі дәрістерді, практикалық сабақтарды, топтық жобалар мен өзіндік жұмыстарды қамтиды. Студенттер тұрақты түрде презентациялар әзірлеп, бірлескен жобалармен жұмыс істейді және теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы бекітеді. Сонымен қатар ол өзі білім алып жатқан университеттің оқу бағдарламасын да қатар меңгеріп, оқу жоспарында көзделген тапсырмаларды қашықтан орындап келеді.
Студенттің ерекше қызығушылығын географияны оқыту әдістемесі мен педагогикаға қатысты пәндер тудырған. Бұл пәндер болашақ мамандығының қыр-сырын тереңірек түсінуге, қажетті кәсіби құзыреттерді дамытуға және теориялық білімді педагогикалық тәжірибеде тиімді қолдануға көмектеседі.
Мадина UPSI университетіндегі білім беру үдерісінің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде практикалық сабақтарға басымдық берілетінін атап өтті. Мәселен, әр студентке жеке тақырып ұсынылып, сол бойынша сабақ жоспарын өз бетінше әзірлеу және шамамен 40 минуттық толық сабақ өткізу міндеттеледі. Кейін сабақ бейнетаспаға түсіріліп, бағалау үшін оқытушыға жіберіледі. Мұндай әдіс студентке алған білімін іс жүзінде көрсетуге ғана емес, өз жұмысын саралап, қолданған педагогикалық тәсілдерінің тиімділігін бағалауға және кәсіби дамудың алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Малайзияның білім беру тәсілдерін салыстыра отырып, Мадина UPSI университетінде білім алушылардың дербестігіне, топпен жұмыс істеуіне және алған білімін тәжірибеде қолдануына ерекше мән берілетінін айтады. Сонымен қатар екі елде де заманауи білім беру технологиялары мен интерактивті оқыту әдістері кеңінен қолданылады. Дегенмен Малайзия университетіндегі практикалық сабақтардың ұйымдастырылуы студент үшін тың тәжірибе болып, болашақ мамандығына басқа қырынан қарауға жол ашқан.
Академиялық ұтқырлықтың тағы бір маңызды бөлігі – халықаралық студенттік ортаға бейімделу. Ағылшын тілінде білім алу, түрлі елдерден келген жастармен қарым-қатынас орнату және өзге халықтардың мәдени ерекшеліктерімен танысу оның тілдік әрі коммуникативтік дағдыларын жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтуге және мәдениетаралық қарым-қатынас құзыретін қалыптастыруға ықпал етеді.
Мадина Тоқтарованың айтуынша, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу оның кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналған. Шетелде жинақтаған білімі, жаңа педагогикалық тәжірибесі мен мәдениетаралық қарым-қатынас дағдылары оның білім алу жолын байытып, кәсіби қабілеттерін жетілдіруге және болашақта жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға негіз болды.
